top of page

Алға ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері

 

Тама Есет Көкіұлы кесенесі

2.png
1.png
3.png

Орналасқан жері.Тархан Есет батыр  кесенесі  және  қорымы Ақтөбе  қаласынан  35 км. қашықтықта, Бестамақ  ауылы  тұсындағы  биік  төбенің  ұшар  басында орналасқан.  1992 жылы Маңғыстау ұлутасы мен мәрмәр пайдаланып, қазақтың киіз үйі бейнесіндей көрнекті зәулім кесене орнатылды.   Мазардың авторы - сәулетші Т.Жонысбеков, оны салған «Зерде» шағын кәсіпорны. Есет батыр  кесенесі    тарихи  ескерткіш   ретінде   тіркеліп, туристік   бағытқа  енді, мемлекеттік бақылауға алынды. 2013 жылы 27 желтоқсанда Есет батыр Көкіұлының кесенесі жанынан мемориалдық кешен пайдалануға берілді.

Зерттелуі.Есет батырдың тарихына қатысты деректер мен мәліметтерді арнайы түрде жинастырумен 1987 – 1992 жылдары тарихшы, профессор Зәкіратдин Байдосұлыайналысты.Оның көрсетуінше, Орынбор облыстық Мемлекеттік мұрағатында, Санкт-Петербургтегі Орталық Мемлекеттік тарих мұрағатында (ЦГИА), Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік әскери тарих мұрағатында (ЦГВИА), Алматыдағы, Ташкенттегі Орталық Мемлекеттік мұрағаттарда Есет Көкіұлының қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік және қоғамдық өміріндегі тарихи тұлғасын сомдап көрсететін құжаттар кездеседі. Есет батыр есімі ХІХ ғ. тарихшыларының зерттеулерінде Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Жәнібек,Тайлақ батырлармен қатар айтылады. Осындай тақырыптарда еңбектер жазған авторлар қатарына А.И.Левшин, В.Н.Витевский, И.И.Крафт, Н.Г.Аполлова, Е.Б.Бекмаханов, В.Я.Басин, Ж.Қасымбеков, И.В.Ерофеева және т.б. жатады. Тарихшы З.Байдосұлы Есет батырдың бүкіл саналы саяси-қоғамдық өмірін екі кезеңге бөледі. Бірінші кезеңге 1690-1710 жылдарды, екінші кезеңге 1710-1749 жылдарды жатқызады.

Қысқаша анықтамасы.Тама Есет батыр (1667 – 1749). ХVІІ - ХVІІІ ғ.ғ. жауға қарсы шығып азаттық туын көтерген батырларымыздың бірі. Есет шежіресі   Кіші  жүздің  ірі тайпалық бірлестіктерінің бірі – Жетірудың Тамасынан басталады. Есет  Көкіұлы   қазақ  халық  батыры,  әрі биі. Есет өзінің  өмірін қазақ  халқының  бостандығы  үшін  күреске   арнаған. Ол  табын  Бөкенбай  батырмен  тізе  біріктіп, бас  қолбасшы  Әбілқайыр   ханның  басшылығымен  жоңғар  шапқыншылығына  тойтарыс  беруге   елді  жұмылдыра   білген   сардар  батыр. Батыр өмірінің бірінші кезеңі мұрағат құжаттардан гөрі халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде көп баяндалады. 1710 жылдан бастап Есет батыр Әбілқайыр ханның бастамаларына үн қосады, жорықтарына Таманың, Жетірудың әскери жасағын бастап барып қатысады.  Есет батыр 23 жасында Тама тайпасының  Торым аталығының, 33 жасында Аташал руының, ал 43 жасында Тама тайпасының басшысы, аға ақсақалы дәрежесіне дейін өскен. 1723-1729 жылдардағы қазақ-жоңғар соғысының соңғы ірі шайқасы Аңырақай деген жерде өтіп, тарихта атақты «Аңырақай шайқасы» деген атпен қалды. Осы шайқаста қазақ елінің бірлігін көрсеткен және Кіші Жүзден Тама Есет секілді қазақ халқына танымал болған батырлар қатысты.

Әбілқайыр  ханның  кіші  жүз   қазақтарын  Ресейге   қосу   жолындағы   күресінде  Есет  батыр  оған  мықты  тірек  болған  адамдардың  бірі. Есет  Көкіұлы 1722-1749  жылдары  арасында  мемлекеттік  қайраткер, табанды  әскери  басшы, ірі  саясаткер  ретінде  халыққа  танылды. Есетке  қазақ  халқы  «батыр» атағын  берді.  1742-1743 жылдардан кейін, 75-76 жастарға келген кезінде де Есет батыр Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінен қол үзбейді. Ресейге  қазақтарды  қосу үшін  сіңірген  еңбегін  бағалаған    патша   үкіметі 1743  жылы Ресей патшасы Елизавета  Петровнаның  жарлығымен  Есетке «тархан»  атағын  берді. Есет батырға тархандық атақ беру, оның зор тұлғасын, мемлекет қайраткері екендігін, мәлімгерлік шеберлігін мойындағандық еді. Халық аузындағы аңыздарда Есет батыр жоңғар, башқұрт, орыс-казак, қалмақ, теке-жәуміт батырларымен жекпе-жекте 47 рет жеңіске жеткені айтылады.

Кердері Әбубәкір Боранқұлұлының бейіті

4.png

Орналасқан жері.Ақын зираты Сарықобда ауылдық округіне қарасты Болгарка  ауылының оңтүстік-шығысында 2 шақырым жерде Алға қаласынан 72 км қашықтықта орналасқан.

Зерттелуі. Әбубәкір Кердерінің өмірі мен ақындығын зерттеп, ғылыми айналымға енгізген – Серік Бермағанбетов. 1995 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы кеңесте «Діни–ағартушылық және Әбубәкір кердері Боранқұлұлының әдеби мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғалымның осы тақырыптағы монографиясы 2012 жылы жарық көрді. Әбубәкір туралы М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Жармұхамедов мақала, зерттеулер жазды.

Қысқаша анықтамасы.Кердері Әбубәкір(1861 - 1905)Әбубәкірдің ата қонысы Жайық бойындағы Теректі деген жер. ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша өкіметі әкелген қоныс аударушылар мен Кердерілер арасында жер, су жағдайында әртүрлі дау – жанжалдар туады. Жергілікті патша әкімдерінің зорлық – зомбылығына ұшыраған Боранқұлдар бағзы қонысын тастап, Ақтөбе маңындағы Сарықобданы мекен еткен Кердерілерге көшіп келеді. Әбубәкірдің шыққан тегі – Кіші жүздегі Жетіру, оның Кердері тайпасы. Одан бергі аталары Көтермен, одан Таран. Одан әуелі Айтқұл, кейін Боранқұл туады. Әбубәкір осы Боранқұлдың баласы.Әбубәкір әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Оқуға алғыр, зейінді бала кейін Орынбор, Троицк қалаларындағы мектеп медреселерді бітіреді. Тұзтөбе, Орал, Ақтөбе, Орск, Орынбор маңындағы елдерде бала оқытады, дін – шариғат жолын ұстанады. Сауатты, сергек,  шешен, ақындық өнерді ардақ тұтатын Әбубәкір біраз жыл ел әкімдерінің қасында жүріп, хатшылық қызметтер атқарды. Ақын бірқатар өлең, толғауларында оқу, өнерді, дін-шариғатты, ғылымды, азаматтық-кісілікті, жақсы мінез, жарастықты әдет-ғұрыпты насихаттайды. Өмірдегі жақсылы-жаманды әр түрлі құбылысты, мінез-дағдыны салыстыра отырып, имандылық жолды уағыздайды.

Жел диірмені

5.png

Орналасқан жері. Алға ауданы Есет батыр ауылының кіре берісінде орналасқан.

Қысқаша анықтамасы.ХІХ – ХХ ғ. басында Ресейден крестьяндардың көптеп қоныс аударылуымен байланысты жаңа қоныс инфроқұрылымы да қалыптаса бастады. 1909 жылы  Павловка  селосына қоныс  аударушы   ағайынды   Тимофей мен Павел Лаврушколар  бағаналы жел диірмен орнатқан. Кейбір деректер бойынша олар диірменнің ағаш бөліктерін Астрахан арқылы Украинадан әкелген. Бұл жел диірмен 1961 жылға дейін халық игілігіне жұмыс жасаған. Бүгінгі таңда жел диірмен аудан бойынша тарихи - мәдени   ескерткіш ретінде тізімге енгізілді.

Шәкен ишан (Әбжанұлы Шаймерден, ХІХ – ХХ ғ.ғ.) мешіті

6.png
7.png
8.png

Шәкен ишан мешітінің күмбезі

 

Орналасқан жері.Алға ауданына қарасты Сарытоғай қыстағында, Ақтөбе қаласынан 60 шақырым, Қарақұдық пен Маржанбұлақ ауылдық округтерінен 35 км қашықтықта, «Самара-Шымкент» тас жолына жақын жерде салынған. Қарахобда өзенінің маңында орналасқан.

Қысқаша анықтамасы.Руы – Табын. Шаймерден Әбжанұлы Хорезмде 7 жыл оқып, 1902 – 1904 жылдары Қобда – Елек  өңірінде мешіттердің құрылысы кеңінен қанат жайған тұста қалың ел отырған Сарытоғай ауылының солтүстігінде биіктеу жеріне татар шеберлеріне Қазан үлгісімен мешіт салдырып, медресе ашып, ауыл балаларымен қоса, басқа жақтан келген балаларды да түгел оқытқан. Мешіт үйі шағын, еңсесі биік тастан, күйген кірпіштен мінсіз қаланған, іргесі қалақ тастардан басталып, ұлу тастармен әдемі өрілген, қабырғалары қалың, ұзынша үлкен терезелері күн сәулесінің түсуіне лайықталған. Күмбез орнатылмай, бір не сүйір шатырлы екі мұнара салу дәстүрімен салынған. Жып-жинақы, құрылыс заттарын қиюластыра үлкен шеберлікпен, тиянақтылық, жанашырлықпен салынған құрылыс. Осы мешіт-медресе құрылысына Қобда жерінде өмір сүрген асқан шебер, жобалаушы, сәулетші, әрі құрылысшы Бірмән шебердің (Бірмағанбет Көшімқұлұлы, 1846 – 1922 ж.ж.) үлесі зор болды. 

Мешіт өзінің архитектуралық ерекшелігімен көз тартады. Мешіт бір қабатты үш бөлікке бөлінген, тас блоктардан және күйдірілген кірпіштен аралас салынған. Ескерткіш Ақтөбе облысында кең тараған минаретті мешіттерге ұқсас. Мешіт төртбұрышты 10,0м х 24,0м батыстан-шығысқа созыла салынған. Жарларының қалыңдығы 1,0 м. биіктігі 3,5 м. төбесіндегі ағаш бөренелер 1990 жылға дейін қирап бүлінген. Шығыс жағында минарет бой түзеген, оның биіктігі 9 м. Батыс жағында михраб орналасқан. Оңтүстігі мен солтүстігінде 10 терезе бар. Минаретте екі терезе және солтүстігі мен оңтүстігінде кірер есіктер бар.

Осы мешіт маңындағы қыстау үйлері әлдеқашан құлаған. 30-шы жылдардан бері қаңырап қалған мешіт үйі колхоздың талай кәдесіне жарап, қойма да болған.

     Шәкен ишан Кеңес үкіметінің  дінге қарсы саясатына сәйкес көп зардап шеккен, айдауда болған. Азаншының мұнарасындағы айшығы 1928 жылы күшпен құлатылған, дәл сол жылы Шәкен ишан қуғындалып, айдауға жіберілді. Бірнеше жыл айдауда болып, елге оралған соң 82 жасында өмірден өткенде,  Ақтөбе - Қобда тас жолының батысындағы үлкен қорымда жақындарының жанына жерленген.

Аралбай ишан (Жоламан, кей деректерде Асқар) мешіті

9.png

Орналасқан жері.Алға ауданы Қарағаш ауылынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 4 – 5 км жерде орналасқан. Қасында Көшкінбай бұлағы бар.

Қысқаша анықтамасы.Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Асқар ишан өте білімді, жаны таза, діни сауатты адам болған. Мешіттің қабырғалары биенің сүтімен араластырылып иленген кірпішпен қаланған. Өкініштісі, мешіттің тек төрт қабырғасы ғана қалған. Мешіт айналасын өрт шалған. Бір қызығы, тілсіз жау мешітке 1,5 – 2 м. жетпей шеңбер бойымен өшкен. Орны ерекшеленіп көрініп тұр.

Мешіт зерттеуді қажет етеді.

bottom of page